Павлодар тұрғындары аязды күндері автобусты ұзақ күтіп қалатынына наразы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Өткен күзден бері қаладағы №1, 1Э, 126, 003 және №3 автобус бағыттарына көпшілік тарапынан шағым жиілеп кеткен. Қала билігі жақын арада тасымалдаушыларды алмастырамыз деп уәде етті.

Фото: Рixabay

Павлодар қаласының жұртшылығы аязды күндері кейбір автобустарды ұзақ күтіп қалатынына наразы.

Қоғамдық көліктің кестесі, әсіресе, адамдар жұмыстан қайтқанда жиі бұзылады.

Бұл мәселеге шаһар басшысы Хасар Хабылбеков назар аударып, түйткілді тарқатуға уәде берді.

— Шын мәнінде № 1, 1Э, 126, 003 және № 3 автобус маршруттары бойынша проблема бар. Олар бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сотқа шағым түсірді. Біз өз жауапкершілігіне салғырт қарайтын мердігерлерден бас тартып, бұл бағыттарды тасымалды сапалы ұйымдастырып жатқан кәсіпкерлерге береміз, -деді ол.

Бұған дейін мұндай мәселе № 152 бағыттағы автобуста болған. Қала билігі тасымалдаушыны өзгерткелі жүру кестесі реттелді.