Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерлерінде бүрсеңдеп отыр.
Айтуларынша, аязды күндер аяқталғанына қарамастан, баспаналарын суық жайлап алған.
Мұндай шағымдар Усолка, МДС, Химқалашық шағын аудандарында және шаһардың орталық бөлігінде көп тіркелген.
— Пәтеріміз салқын. Аязға дейін бөлмелерде 29 градус температура болса, қазір небәрі 23 градус сақталып тұр. Жылу батареяларының қызуы аса сезілмейді. Аязды күндері бөлмелер сәл-пәл жылы болған сияқты. Ал бүгін үй іші мүлде азынап кетті, — деп мұңын шақты Естай көшесі, 150/1 үйдің Арай есімді тұрғыны.
Ата-аналардың айтуынша, мектептердің іштері салқын, кейбір сыныптарда оқушылар сырт киіммен отырған. Балалар үйлеріне тоңып оралып жатыр.
Бұған қоса жергілікті ауруханаларда, атап айтқанда, № 3 қалалық ауруханада, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқан науқастар палаталарының суық екеніне шағымданған.
Қаладағы көптеген ПИК жертөлеге келіп тұрған жылудың температурасы 60-72 градус мөлшерінде екенін хабарлап отыр. Бұл — нормадан төмен.
Дейтұрғанмен қалалық әкімдік пен «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нің мамандары облыс орталығындағы жылу-энергия орталықтарынан шығатын жылу тасымалдағыштардың температурасы 98 градус деп сендіріп отыр.
— 19 қаңтар күнгі мәлімет бойынша Павлодар қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 диспетчерлік электр жүктемесін бөлу кестесіне және жылу желілерінің 98/57 градус температуралық кестесіне сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Павлодар ЖЭО-2-де 4 қазандық агрегат пен 3 турбоагрегат, ал ЖЭО-3-те 6 қазандық агрегат пен 5 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымы кезеңінде қала әкімдігі құрған 10 жұмыс комиссиясы қызмет атқарып жатыр. Комиссия құрамына жылу инспекциясының, қызмет көрсетуші ұйымдардың және қала әкімдігінің өкілдері кіреді, — деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Аталған комиссияға 13–19 қаңтар аралығындағы аязды күндері барлығы 10 өтініш түскен. Бірақ олардың бірде-біреуінде жылумен қамту параметрлерінің бұзылуы расталмаған. Өтініштердің басым бөлігі ішкі жылу жүйелерінде, панельаралық және терезе тігістерінің тұтастығында ақаулары бар көпқабатты тұрғын үйлерден келіп түскен.
— Мұндай үйлердің тұрғындарына жылу желілері қызметкерлері аталған мәселелерді жою бойынша тиісті ұсыныстар берді. Барлық өтініштер жылу инспекциясы қызметкерлерімен жедел түрде қаралуда, қажет болған жағдайда жылумен қамтуды қалыпқа келтіру шаралары қабылданады, — деп қосты әкімдіктен.
Бұған дейін Павлодардың қақ ортасында құбыр жарылып, бірнеше көшені су басқанын жазғанбыз.