Павлодар тұрғыны өз пәтерінде онлайн-казино ұйымдастырған

Фото: Фото: pixabay.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Заңсыз бизнеспен айналысқан жігіт әлеуетті клиенттердің тобын құрып, онлайн покер ойнауды ұсынып отырған. Ұтысты өзінің жеке картасына қабылдаған.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өз үйінде заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған азаматтың ісін сот қарауына жөнелтті. Департамент басшысының орынбасары Ринат Арғынбековтің айтуынша, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша қозғалған.

— Ер адамның үйін тінту барысында 37 монитор мен 14 жүйелі блок, 45 ұялы телефон, 7 ноутбук, ақшалай 700 мың теңге және 5 мың ресей рублі, 2 флеш-жинақтауыш, 6 дискі, покер ойынына арналған жинақ табылды. Заңсыз онлайн-казиноны департамент мамандары интернет-платформаға мониторинг жүргізу кезінде анықтады. Ол адамдарды жұмысқа қабылдап, тәулік бойы жұмыс істеген. Әрбір сегіз сағат сайын ауысып отырған. Әлеуетті клиенттеріне онлайн покер ойнауды ұсынып, ұтыс ақшасын картасына қабылдап келген, — дейді Ринат Арғынбеков.

Ер адамның заңсыз жолмен тапқан ақшасы тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, павлодарлық фермерлер заңсыз иеленген субсидияларды мемлекетке қайтара бастады.