ҚР Кассациялық сотының хабарлауынша, Павлодар қаласының тұрғыны қалалық әкімдікке қарсы талап арыз түсірген. Әйелдің айтуынша, оның үйінің жанындағы жер телімі жеке меншікке беріліп кеткен. Көп ұзамай ол бұл аумақтың жалпы пайдаланудағы жерлерге жататынын анықтаған. Оның үстіне, ол жерде инженерлік коммуникациялар орналасқан әрі автотұрақ жабдықталған.
Алғашқы және екінші инстанциядағы соттар павлодарлық әйелдің талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда ол мұнымен тоқталмай, кассациялық шағым түсіреді.
— Сот әкімдік қаулысы қабылданған сәтте жер телімінің жалпы пайдаланудағы жерлерге жатқанын, оның мәртебесін өзгерту процедурасы жүргізілмегенін, ал жерді беруді келісу кезінде жер заңнамасының талаптары сақталмағанын анықтады. Бұдан бөлек, төменгі сатыдағы соттар инженерлік коммуникациялардың болуына және істің басқа да маңызды мән-жайларына тиісті баға бермеген, — деп хабарлады әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соттан.
Нәтижесінде төменгі сатыдағы соттардың сот актілерінің күші жойылып, павлодарлық әйелдің талап арызы қанағаттандырылды. Ал әкімдіктің қаулысы заңсыз деп танылды.
Еске сала кетейік, Жетісуда 200 гектар құнарлы жер мемлекет меншігіне қайтарылды.