Павлодар тұрғындары интернеттегі алаяқтарға алданып қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының екі тұрғыны интернет арқылы арзан бағаға тауар сатып алмақ болып, алаяқтардың құрған қақпанына түсіп қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, екі тұрғын көлік саймандарын арзан бағаға сатып алмақ болған. Атап айтқанда, жәбірленушілер интернеттен көліктің қозғалтқышы мен дөңгелегі сатылатыны туралы хабарлама оқып қалған.

«Хабарламадағы нөмірге қоңырау шалған жәбірленушілер банкомат арқылы алаяқтардың шотына ақша аударған. Ақшаға ие болғаннан кейін әлгі адам байланысқа шықпай қойған. Екі жағдайда да жәбірленушілер 100 мың теңгеге жуық ақшасынан айырылды», - деп хабарлайды ведомстводан.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексініің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Осы іске байлансты Ішкі істер департаменті интернет арқылы келісімге келген кезде аса сақ болуды ескертеді. Кейбір жағдайда арзан бағаға тауар сату туралы хабарлама алаяқтардың қақпаны болып шығады», - деп хабарлайды ІІД-нен.