Павлодар тұрғындарын жер асты суының көтерілуі алаңдатып отыр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Соңғы бірнеше жыл бойы жер асты суынан зардап шегетін Екінші Павлодар тұрғындарының мәселесін су жинағыш орнату арқылы шешу көзделіп отыр. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қала әкімі Нұржан Әшімбетов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Екінші Павлодардағы басты мәселе жер асты суын ешқайда жібере алмауына келіп тіреледі.  Су басқан жерден екі кварталдағы Димитров көшесінде кәріз жүйесі жоқ. Бірнеше магистраль салғаннан кейін жағдай түзеліп,  тұрғындар алғыстарын білдірген. Бұл  учаскенің 70 пайызы кептірілді. Алайда қатты жауын-шашыннан кейін шілде айының ортасында  жерасты суы тағы көтерілді. Сондықтан қосымша шара қолдануға тура келеді. Осыған байланысты батыстағыдай су жинағыш - су айдындарын орнату керек. Бұл жобаны технологиялық колледждің жанында жүзеге асыру жоспарланып отыр.  Жауапты мердігерлік ұйым - «АК-Сервис» компаниясы. Осы аптада жұмысқа кірісеміз. Әрі қарай нәтижесін күтеміз»,- дейді Нұржан Әшімбетов.

 Шаһар басшысы неміс  мамандары   су жинағыштың жабық түрін жасауды және тазарту сүзгілерін орнатуды  ұсынып отырғанын атап өтті. - Бірінші кезекте суды бұрып әкететін тағы бір құбыр салу қажет, - дейді Нұржан Әшімбетов. -  Осы аптада Алматы қаласынан зерттеу институтының мамандары  келіп, сараптама жүргізеді. Көпшілік судың басым бөлігі «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның күл үйіндісінен келетінін айтып шағымдануда. Десе де, олар бұл жағдайға ешбір қатысы жоқ екенін айтуда. Аталмыш кәсіпорын ұзындығы 11 шақырым, ені 70 сантиметр, құны 2 миллиард теңгені құрайтын қоршау орнату жобасын іске асырмақ. Бәлкім, күл үйіндісінен су келетінін түсініп отырған болу керек. Бұл мәселе жіті бақылауға алынған және зерттеу қорытындысы судың басым бөлігі қайдан келіп жатқанын көрсетеді».

Еске сала кетейік, мамыр айының ортасында Алтай, Якутск, Таллинск, Целинная, Днепропетровск, Димитров көшелеріндегі 200-ге тарта үйді су басқан.   Мамандардың пайымдауынша, бұл аумақта 1963 жылдан бері су 15 метрге дейін жоғарылаған. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде судың үйге кіруінің негізгі себебі атмосфералық жауын-шашынға байланысты екені анықталған. Соңғы төрт жылда жауын-шашын мөлшері жылдың орташа көрсеткішінен жоғары, яғни 350-340 милиметрді құрады. Бұған қоса, зерттеу барысында осы аумақтың жер құрылысы күрделі екені белгілі болды. Жер астында 20 метр тереңдікте сазды құм жатыр, одан кейін саз бар, ал сусорғысының жиегі 12-11 метрде орналасқан.  Жер асты суларынан зардап шеккен алғашқы тұрғындардың үйін қалыпқа келтіруге 25 кәсіпкер құрылысқа қажетті жабдықтар әкеліп жеткізген. Жөндеу жұмыстарына «Жасыл ел» жасағы мен ПМПУ, технологиялық колледждің 100-ге тарта студенті көмектесті