Павлодар тұрғыны полицияға тонау туралы жалған мәлімдеме жасаған
19:48, 11 Тамыз 2015
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар тұрғыны полицияға тонау туралы мәлімдеме жасаған, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, оған белгісіз адамдар тобы гараж маңында оны қорқытып, 70 мың теңге мен ұялы телефонын алып қойды-мыс. Бұл факті ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлімі - тонау бойынша тіркелді.
Тергеу барысында мәлімдеме жасаған адам өзінің танысына ақша қарыз болғаны, борышын қайтару мерзімін шегеру мақсатымен тонау фактісін ойдан шығарғаны белгілі болды. Тергеу шараларын жүргізу кезінде ұялы телефон болған орын анықталды. Ол мәлімдеме жасаушының өзінде болған. Осылайша азамат жалған мәлімдеме жасағанын айтуға мәжбүр болды.
Жалған мәлімдеме жасағаны үшін ол Павлодар қалалық ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.