Павлодар тұрғынының арқасында қыз баланы тонамақ болған адам ұсталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қылмыскерді ұстауға көмек көрсеткен Павлодар қаласының тұрғыны Яна Денисованы қаланың Солтүстік полиция бөлімінің басшылығы марапаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Аялдамадан түсе сала мен үйге қарай бет алдым. №37 балабақша жанынан өте бергенімде капюшонымен бетін бүркеп, жеңіл трико, жаздық кроссовка киген ер адамға еріксіз назарымды аудардым. Оның үстіне ол жасырынуға тырысты, - дейді павлодарлық Яна Денисова.

- Сәлден кейін артымнан көмек сұрап айқайлаған дауысты естідім. Артыма бұрылғанымда әлгі жігіттің жерде жатқан қыз баланың сөмкесін тартып алғалы жатқанын көрдім».

Я.Денисованың айтуынша, ол дереу полицияны шақырып, қыз балаға көмектесуге жүгірген. Ер адам сөмкені жібере салып, белгісіз бағытта жасырынған.

«Келіп жеткен полиция қызметкерлеріне Яна ер адамның қай бағытқа қарай қашқанын көрсетіп, күдіктінің қандай киім кигенін егжей-тегжейлі айтып берген. Соның көмегімен тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері.

Яна Денисованың қырағылығы мен батыл әрекетінің арқасында қыз балаға шабуыл жасаған алаяқ ойындағысын жүзеге асыра алмады. Сол үшін полиция қызметкерлері Яна Денисоваға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.