Павлодар зауыты халықаралық стандарттағы әуе отынын шығармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат -Павлодар мұнай-химия зауыты 2019 жылдан бастап халықаралық стандарттағы Jet А-1 маркалы әуе отынын шығаруды жоспарлауда, деп хабарлайды pavlodarnews.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Оспанбек Әлсейітов айтты.

«Әуе отыны - біздің басты артықшылығымыз. Павлодар осы жағынан мақтана алады. Біз бұған дейін ТС маркалы авиа керосин өндірдік. Енді 2019 жылға дейін реактивті отын өндіреміз. 2019 жылдан бастап халықаралық стандарттағы Jet А-1 маркалы әуе отынын шығармақпыз. Жоспарлы түрде кезеңдерден өтіп отырамыз», - деді Оспанбек Әлсейітов.

Зауыт басшысы кәсіпорында К2 дизельді отыны мүлде өндірілмейтінін атап өтті.

«Бізде қазір К2 жанармайы мүлде жоқ. Оны өндіре де алмаймыз. Себебі, құрылғыларымыз жаңғыртудан өткен. Бүгінгі таңда К4-ке көштік. Күніне алты мың тонна дизельдік отын өндіріледі. Сондай-ақ биыл зауытымызға 40 жыл толып отыр. Соған орай, жалпы өнімділікті осы жылы бес млн 250 мың тоннаға жеткізбекпіз», -деді О.Әлсейітов

Айта кетейік, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ағымдағы жылдың тамыз айының соңында 40 жылдық мерейтойын атап өтпек.