Павлодар облысында жылыту маусымына дайындыққа Үкіметтен 3,8 млрд теңге бөлінді

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Павлодар облысында инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Үкімет резервінен Павлодар және Екібастұз қалаларының жылу желілерін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін шамамен 3,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаулыға сәйкес бөлінген қаражаттың негізгі сомасын, яғни шамамен 3 млрд теңгені Екібастұз қаласының жылу желілерін жаңғырту бойынша екі жобаға бөлу жоспарланып отыр. Бұл – Орталық жылу тарату пунктінен 1,4 шақырым жердегі елді мекенге дейінгі ТМ-I және ТМ-III жылу магистральдарын жөндеу.

Павлов – Шевченко – Катаев көшесіндегі тұрғын үй шағын ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін Камзин көшесі бойынша ТМ-13 салу жобасын аяқтауға Павлодар қаласына 802 млн теңге бағытталады.

Шығындардың жалпы сомасы – 5,8 млрд теңге. Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінді. Қалған 2 млрд теңге көлеміндегі қаражат облыстық бюджеттен қаржыландырылды.

Фото: Үкімет

2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа ұзындығы 9 шақырым магистральдық жылумен жабдықтау желілеріне жөндеу жүргізілді, Екібастұз ЖЭО-да қазандық агрегаттарын жөндеу және жарықтандырылған су құбырын салу жүргізілді.

Бұдан бөлек, облыстың жылу беруші кәсіпорындарында ұзындығы 2,4 шақырым жылу желілерін жаңғырту бойынша жұмыстар орындалды, оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына көшу шеңберінде – 1,7 млрд теңге сомасына 2,1 шақырым жылу желілері бар.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың басында желілердің тозуы 79,7%-ға дейін төмендеді.

Облыс орталығы мен Екібастұз қаласындағы желілердің тозуын одан әрі төмендету және алдағы жылыту маусымына үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін жылу магистральдарының ағымдағы реконструкциясын уақытылы аяқтау қажет.

2024 жылғы желтоқсанда бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде Павлодар қаласында 1-НО-52 ЖЭО учаскесінде өткізу қабілетін арттыра отырып, 9,8 млрд теңге сомаға жаңа ТМ-20а жылу магистралін салу жоспарланып отыр.

Жоба негізінде республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған қала аумағының 30%-ын жылумен қамтамасыз ету көзделген.

Айта кетейік, Жетісу облысында монополист жауапкершілікке тартылып, жылу тарифі төмендетілді.