Павлодарда 100-ден астам оқушы ата-аналарымен бірге құстарға ұя ілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда «Ұлы дала елі - Тәуелсіздіктің 25 негіздері» 25 жұлдызды күн аясында өткен «Қыста құстарға қамқорлық жаса» акциясы барысында экология және туризм орталығындағы экологиялық-ботаникалық кешені аумағында оқушылар ата-аналарымен бірге дайындаған құстарға арналған ұяларды ілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.


Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, «Жасыл ғаламшар» деп аталатын экологиялық ойынға 3-7 сыныпта оқитын 100-ден астам оқушыдан құралған тоғыз команда қатысқан. Әр топ бағдар парағына сәйкес белгілі станциядан өткеннен кейін әріптер жинағының конвертін толықтырып отырды. Олардың негізгі міндеті жиналған әріптерден «Жасыл ғаламшар» ойынының ұраны «ЭКСПО стилінде өмір сүру» сөз тіркесін құру болды. - «Табиғи балгерлер», «Қалдықтардың тіршілігі» , «Қыста құстарға қамқорлық жаса» акциясы, «Денсаулық соқпағы», «Біз және табиғат» , «Менің Отаным - Қазақстан» атты тақырыптық станцияларында балалар жануарлар және бөлме, тропик өсімдіктері туралы сұрақтарға жауап беріп, құстарға арналған ұялар дайындады. Сондай-ақ, орман өсімдіктерінің адам өмірінде атқаратын рөлі туралы танымдық ойынға қатысты, - дейді білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханова.