Облыста қоқысты кез келген жерге тастап кететіндердің бейбастақ әрекеттері тыйылмай тұр. Жыл басынан осындай 97 жағдай тіркелген.
Өңірлік экология департаментінің мамандары экологиялық заңнама талаптарын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар аясында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жойған.
— Ғарыштық мониторингтің арқасында жыл басынан бері осындай 97 нысан анықталып, оның 93-і жойылды. Қоқысты заңсыз үйгені үшін 9 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың сомасы 2 млн теңгеден асты, — дейді Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.
Жалпы жыл басынан бері департамент мамандары мемлекеттік экологиялық бақылау саласында 40 іс-шара өткізіліп, оның барысында экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 54 дерегін анықтаған. Бұзушылықтарды жою туралы 25 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 105 млн теңгеден астам қаражатқа 106 әкімшілік айыппұл салынған.
Еске сала кетейік, Павлодарда заңсыз қоқыспен белсенді күресетіндердің қоқысы тегін шығарылады.