Павлодарда 11 мыңға жуық адам жүрек жеткіліксіздігімен есепте тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Дәрігерлер бұл дерттің жылдан жылға «жасарып» бара жатқанын айтады. Бұған ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарауы себеп.
Ертіс-Баян өңірінде 11 мыңға жуық адам созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Мамандардың сөзінше, жүрек жеткіліксіздігі көбіне ұзақ уақыт ескерусіз қалған гипертония мен инфаркттің, сондай-ақ қант диабетінің салдарынан туындайды. Ал алдын алудың ең тиімді жолы — дер кезінде жүрек саулығын тексеру. Өңірде созылмалы аурулар кешені бойынша медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасы әзірленді. Оның аясында арнайы кабинеттер ашылған.
— Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі — жүрек ауруының асқынған сатысы, яғни, жүрек ағзаға қажетті қан мен оттегіні толық көлемде жеткізе алмайды. Соның салдарынан тіндер мен мүшелерге қоректік заттар жетіспей, бүкіл ағзада гипоксия дамиды. Науқастар бұл дерттің белгілерін бірден байқай бермейді. Көп жағдайда дәрігерге кеш жүгінеді. Аурудың негізгі белгілері — ентігу, жүрек ырғағының бұзылуы, аяқ-қолдардың ісінуі, мойын көктамырлары кеңейіп, әлсіздік пен тез шаршау, — дейді кардиолог-дәрігер Айгерім Рахимова.
Дәрігерлер жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары бүгінде жасарғанын айтады. Бұрын мұндай диагноз 50 жастан асқан адамдарға жиі қойылса, қазір 30 жастағы, тіпті одан да жас науқастар жиі тіркеледі.
Еске сала кетейік, ШҚО-да полицейлер жүрек талмасына ұшыраған зейнеткерді құтқарып қалды.