Павлодарда 12 азамат КСРО төлқұжатымен тұрып келген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының көші-қон қызметі 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен тұрып келген тұрғындарды анықтады. Олардың дені – ертеректе ТМД елдерінен көшіп келген азаматтар.
Ертіс-Баян өңірінің полицейлері ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды уақтылы алмаған және 18 жасқа толғанда тиісті құжатталмаған адамдарды анықтады. Олардың кейбірі ескі кеңестік төлқұжатпен өмір сүріп келген.
- Жыл басынан КСРО үлгісіндегі ескі төлқұжатпен жүрген 12 павлодарлық анықталды. Бұған қоса 18 жасқа толса да жеке куәлік ресімдемеген 20 азамат, сондай-ақ азаматтығы жоқ, бірақ куәлік ресімдемеген 8 тұрғын анықталды. Олардың барлығына тиісті құжаттары жасалды. Құжаты жоқ адамдардың дені ТМД-дағы өзге мемлекеттерден келгендер, олар сол елдің жарамдылық мерзімі өткен төлқұжатымен жүрген. Көбі КСРО-ның бұрынғы одақтас мемлекеттерінен кәмелет жасына толмай тұрып Қазақстанға көшіп келген, - дейді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Аталған азаматтардың тиісті құжаты болмағандықтан олар осы уақытқа дейін түрлі жәрдемақылардан қағылып, мемлекеттік қызметтерді алудан қиындық көріп келген.
Еске сала кетейік, павлодарлық полицейлер үш күнде көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 145 дерек тіркеді.