Павлодарда 125 млн теңгеге сатып алынған үй тұруға жарамсыз болып шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысының Аққулы ауданында бюджет қаржысына 125 млн теңгеге сатып алынған сегіз пәтерлі үйден құрылыс талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Қазір бюджет қаражатын қайтару және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы өңірдегі прокуратура мәлім етті.

Фото: Kazinform\ЖИ

Талап арызын енгізуге дейін Аққулы ауданының прокуратурасы сәулет, құрылыс, жер және тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді.

2024 жылғы желтоқсанда жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалардан 125 млн теңгеге 8 пәтерлі тұрғын үйді сатып алған. Бұл үйге тұрғын үй алу кезегінде тұрған ауыл тұрғындарын орналастыру жоспарланған.

— Нысанды тексеру барысында құрылыс кемшіліктері мен тұрғындардың онда тұруына мүмкіндік бермейтін заң бұзушылықтар анықталды, — делінген хабарламада.

Жалпы, құрылыс елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмеген. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмай тұрып басталған.

Заңнамаға сәйкес, нысан көппәтерлі тұрғын үйге жатқызылған. Осыған байланысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, оған сараптама жүргізілуі тиіс болған.

Жобаны іске асыру кезінде авторлық және техникалық қадағалау жүргізілмеген. Үйдің іргетасы мен негізгі конструкциялары талапқа сай салынбағаны анықталды. Бұл болашақ тұрғындардың тұру жағдайына айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін.

Прокуратура қабылдаған шаралар азаматтарды талапқа сай емес тұрғын үйге орналастырудың алдын алуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта бюджет қаражатын қайтару және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.