Павлодарда 200-ден астам пәтер тұрғыны жылусыз отыр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Минин және Салтыков-Щедрин көшелеріндегі екі үйде тұратын павлодарлықтар қыркүйек айының соңынан бері пәтерлеріне жылу берілмегеніне шағымданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Минин көшесіндегі №40 үйдің тұрғыны Анастасия Клевцова пәтерінде жылу тек жылу маусымының басында ғана болғанын айтты. Одан кейін тұтас үйге жылу берілмеген.

«Киімімізбен ұйықтаймыз. Үйде әзірленген тамақтың жылуымен жылынамыз. Бір бөлмелі пәтерде тұрамыз. Залдың есігін жауып ұйықтаймыз. Кеше үй ішін плитка мен ас дайындайтын пешті қосып жылыттық», - дейді ол.

Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі қаланың тұрғын үй инспекциясы бұл жағдайдан хабардар екенін мәлім етті.

«Тұрғын үй инспекциясы жылу берілмеген үйлерде бірнеше рет болды. Жұма күні арнайы комиссия облыстық энергетика басқармасының өкілдерімен бірге аталған үйлерге барып қайтты. Бізге белгілі болғандай, осы үйлер орналасқан облыс орталығына жылу беретін павлодардық ЖЭС-1-де қандай да бір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге үйге келетін жылумен қамту жүйелерінде үйді жылытуға қажетті параметрлер төмендетілді. Мұндай жағдайларда тұрғын үй инспекциясы  мекенжайларға шыққанда, ол «Павлодар жылу жүйелері» ЖШС келісімімен шешім қабылдап, мәселені шешеді», - деді Павлодар әкімдігінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.