Павлодарда 2018 жылы 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс - Болат Бақауов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 2018 жылы 200 мың шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Болат Бақауов облыс әкімдігінде өткен жиын барысында мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Райысовтың айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары басталған және келесі жылы Павлодарда 130 мың шаршы метр үй қолданысқа беріледі. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 240 мың шаршы метрі құрайды. Былтырмен салыстырғанда құрылыс қарқыны 15 пайызға өскен.

«Биыл Екібастұз және Ақсу қалаларында біраз қиындықтар бар. Бұл - Еуразияттық энергетикалық корпорациясы салып жатқан үйлер. Олар біздің жоспарға енгізілген болатын, дегемен келесі жылға ауыстырылып отыр», - деді Рүстем Райысов.

Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің сөзінше, үстіміздегі жылы құрылыс бойынша нәтиже жаман емес. Өткен жылға қарағанда 10 пайызға артып отыр. Келесі жылы көпқабатты үйлерге жаңа алаңдар іздестіріліп, жеке тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру жоспарда бар. - Облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқынын жылдамдату қажет. Бюджеттен қаржы бөліп, жеке инвесторларды тарту керекпіз, - деді Болат Бақауов.

 Еске сала кетейік, жуырда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі жаңа «Достық» шағынауданының құрылысы 2019 жылы басталатынын  хабарлаған болатын. Оған дейін «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіледі. Жалпы, 2017 жылы барлығы сегіз үй қолданысқа берілген. Биыл қосымша бөлінген қаражат есебінен тағы да тоғыз үйдің құрылысы басталады.