Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің саны азаяр емес. Полиция оларды анықтау бойынша тұрақты рейдтерді ұйымдастырады.
- Мәселен облыс орталығының тұрғыны алимент төлеу бойынша сот шешімін орындамаған. Оның өз баласының алдындағы берешегі 1 млн теңгеден асады. Қабылданған шаралармен 36 жастағы ер адам ұсталды. Заңнамаға сәйкес сот орындаушы міндетті түрде алимент төлеушімен жұмыс істеуі керек. Егер де борышкер заң өкілдерінің ескертулерін елемей, алимент төлеуден қашса, оның үстінен қылмыстық іс қозғалады, - дейді өңірлік полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Құралай Мұғаділова.
Полиция қызметкерлері жауапсыз әкелерді анықтап, құзырлы мекеме қызметкерлеріне жіберіп жатыр.
Еске сала кетейік, прокуратура жыл басынан бері алименттен қағылған 250 баланың пайдасына 87 млн теңге өндірген.