Павлодарда 40 мың адам жиналған концерт кезінде 16 бала жоғалып кетті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодардың орталық жағалауында жазғы маусымның ашылуына арналған «Ertis promenade» дәстүрлі іс-шарасы өтті. Оған 40 мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезінде 16 бала жоғалып кеткен.

«Балалардың ата-аналары анықталып, өздеріне табысталды», - деді департаменттің баспасөз қызметінен.


Сонымен қатар түнгі сағат 23:00-ден кейін жағалауда жүргені үшін жасөспірімдердің ата-аналарына 11 әкімшілік хаттама толтырылған.

Концертте отандық эстрада жұлдыздары Ерке Есмахан, Райм, Еркеш Хасен және жергілікті өнер ұжымдары өнер көрсетті.

«Ertis promenade» сахнасында мәдени шаралар бір айға жалғасады. Мәселен, 26 мамыр күні «Halyq radiosy»-ның 85 жылдығы шеңберінде «Halyq dauysy» халықаралық фестивалінің гала-концерті жоспарланған. 27 мамырда «Jazz jamboree» джаз оркестрі өнер көрсетеді. Ал 28 мамырда қала сахнасында «Тақиялы періште» фильмі көрсетіледі.