Павлодарда 40-тан астам мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс еңбекке тартылып келген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті 42 мемлекеттік қызметшінің заңды құқықтарын қорғады.
Өңірлік мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мамандары облыстағы мемлекеттік мекемелерді тексеріп, жұмыс уақыттарынан тыс еңбекке тартылған қызметшілерді анықтаған. Мұндай тексеріс жылдың алғашқы үш айында жүргізілген.
— Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін 42 мемлекеттік қызметшінің заңды құқықтары қалпына келтірілді. Оларға жұмыс мерзімінен тыс еңбек еткені үшін демалыс сағаттары берілді. Жеті ауылдық округ әкімі және аудандық әкімдіктердегі бөлім басшылары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабы (Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асыру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады департаменттен.
Мониторинг барысында 36 шенеунік іссапар шығындары бойынша жалпы сомасы 3,7 млн теңге алмағаны да белгілі болған. Олардың шығындары толықтай жабылды.
Еске сала кетейік, Павлодарда жетім балаға бөлінген пәтерде аудан әкімінің орынбасары тұрып келген.