Павлодарда 9-сынып оқушысы Оралхан Бөкей оқуларының жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында Оралхан Бөкей оқулары қалалық байқауына қатысқан 28 үміткердің ішінен Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы Марлен Оразбай жеңімпаз атанды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғманның айтуынша, қатысушылардың көбі жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері және басқа да түрлі кәсіпорын қызметкерлері бар. Қатысушылардың жасы 17-30 аралығында.

"Оралхан Бөкей оқулары қалалық конкурсы «Тілдерді қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жыл сайын өтеді. Жалпы, жыл өткен сайын сапасы артып, қатысушылардың саны көбейіп келеді. Мақсатымыз - жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, өнерлі жастарды анықтау, оларды халыққа насихаттау және ынталандыру", - дейді Мейрам Нұғман.

 Байқау қорытындысы бойынша екінші орынды №35 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Бақытгүл Сырнай, үшінші орынды №33 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Байтұрсын Жұмабай еншіледі. Сонымен қатар, ИнЕУ колледжінің 1-курс студенті Айерке Қуаныш «Орындаушылық шеберлігі», Б.Ахметов атындағы педагогикалық  колледждің 2-курс студенті Ләйлә Кірісхан «Қарымды қабілет» аталымы бойынша марапатталды. Бірінші орын иегеріне ноутбук берілсе, екінші және үшінші орындарға планшет пен ұялы телефон тарту етілді. Жеңімпаз атанған Марлен Оразбай облыстық кезеңде Павлодар қаласының намысын қорғайды.