Павлодарда Абай мұрасының аудиожинағы жарық көрді

Фото: Pavlodarnews.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Керекуде «Абай мұрасы – мәңгілік бағдар» атты ерекше аудиожинақ жобасы жарық көрді. Бұл – хәкім Абайдың терең мазмұнды қара сөздерін заманауи форматта кең аудиторияға қолжетімді етуге бағытталған мәдени бастама.

Аталған жобаның авторы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Halyq radiosy» радиосының тілшісі Елдос Төлеубаев. Ол балалық арманын орындағанына қуанышты екенін жеткізді. 

– Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде «Абай оқуларына» қатысып, Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы Абайдың қара сөздерін алғаш рет таспадан тыңдап, болашақта дәл осылай оқып шығуды арман еттім. Араға 24-25 жыл салып, көптен күткен жоспарым іске асты. Астана қаласынан Жанна Қабдешқызы есімді кәсіпкер демеушілік танытып, жобаның жарыққа шығуына зор үлесін қосты. Бұдан былай бұл аудиожазба ашық түрде таратылады. Оны «Aiqara», «Halyg radiosy» сайттарынан тыңдауға болады. Алдағы уақытта облыстық, қалалық депутаттардың қолдауымен қоғамдық көліктерде Абайдың Қара сөздері қойылса деген ойым бар, - дейді Елдос Төлеубаев.

Өңір тарихында із қалдыратын жобаны қолға алған өскелең ұрпақтың жанашырлары бастаған істі әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Іс-шараға жиналғандар бүгінгі жастардың кітап оқуға қызығушылықтары оянып, аудиожазбадағы терең ойлы нақыл сөздері саналарына жететініне сеніп, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ кеш барысында өңіріміздің жоғары оқу орындары, мәдениет мекемелері мен ақпараттық ұйымдарына ұлы Абайдың қара сөзі жазылған аудиожазба таспасы табыс етілді. 

Еске сала кетейік, Астанада Абайдың 180 жылдығына орай поэзиялық-музыкалық кеш өтті.