Павлодарда Әбілхан Қастеевтің 40-тан астам суреті сақталып тұр

Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші Әбілхан Қастеевтің Павлодарда сақтаулы суреттері баршылық. Н.Нұрмұхамедов атындағы өңірлік көркемсурет музейінде қылқалам шеберінің 6 бейнесуреті және 35 түрлі түсті қарындаштармен салған туындылары тұр.

Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі

«Бұл картиналар өткен ғасырдың 60-шы жылдары Т.Шевченко атындағы Қазақстанның Мемлекеттік көркем сурет галереясынан, одан кейінгі жылдары Қазақ КСР суретшілер одағының, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің көркемсурет көрмелерінің дирекциясынан алынды. Тағы бір туындысы («Табиғат көрінісі») автордың отбасынан 1974 жылы сатып алынды»,-дейді павлодарлық өнертанушы Елена Дубовая.

Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі

«Қамал жанындағы тас көпір» (1937) және «Медеу тауындағы Алматы өзенінің жазықтығы» (1937) суреттері алғашқы салынған картиналары қатарынан саналады. Қос туындының астына латын әрпімен қол қойылған және «1937 god, A.Qastejip» деп белгі соғылған.

Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі

Ал «Ақсақалдың бейнесі» (1950), «Құда» (1972) және «Ғ.Мүсіреповтың суреті» (1973) шебердің қалыптасу кезеңдерін сипаттайды. Өкінішке қарай, Мүсіреповтің бейнесі аяқталмай қалған.

Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі

Өнер иесінің шығармашылығында негізгі тақырып – Отан мен ел-жер. Суретші оны еңбек адамдарымен, олардың кәсібімен, малшылардың табындарымен, егіншілердің дала қостарымен байланысты нақты өмірлік кезеңдерді көрсету арқылы дамыта түскен. Мұны «Жайлау» (1963), «Шопандарға келген үгітшілер» (1964), «Киіз үй жанындағы әңгіме» (1969), «Шопандардың жаңа тұрмысы» (1970) жұмыстарынан анық аңғарамыз. Ал «Абайдың туған жері» (1961), «Ш.Уәлихановтың туған жері»(1966), «Шежін таулары» (1968) да керемет кескінделген.

Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі
Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі
Фото: Павлодар облыстық көркемсурет музейі