Павлодарда «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» кітабы таныстырылды. Кітап еліміздің қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін, қоғам алдындағы өзекті міндеттер мен ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді қамтиды.

Фото: Айбек Жұматов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1994 жылдан бастап әр жылдары жария түрде айтқан маңызды ой-тұжырымдары, саяси ұстанымдары мен қоғамдық-экономикалық мәселелерге қатысты пайымдары топтастырылған «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» атты кітабы зиялы қауым арасында қызығушылық тудырып отыр.

Достық үйінде өткен іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, қаламгерлер, журналистер, мәдениет және білім саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Жаңа еңбек еліміздің қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін, қоғам алдындағы өзекті міндеттер мен ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді қамтиды. Жинақта әділетті қоғам қалыптастыру, заң мен тәртіпті нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, мәдениет пен рухани құндылықтарды қолдау, цифрландыру, экологиялық мәдениет және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне ерекше мән берілген.

Фото: Айбек Жұматов

Жиналғандар кітаптың мазмұндық-құрылымдық ерекшеліктерін, тарихи-саяси мәні мен қоғамдық маңызын жан-жақты талқылады. Зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар кітапта қамтылған ой-пікірлердің ел дамуының әр кезеңіндегі қоғамдық-саяси процестермен сабақтастығына тоқталып, жинақтың тарихи жадыны жаңғырту, ұлттық сана мен азаматтық жауапкершілікті нығайту тұрғысындағы рөлін атап өтті.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова Мемлекет басшысының бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізгі мақсаты — азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейту және қоғамда заң мен тәртіпке негізделген әділет қағидаттарын орнықтыру екеніне тоқталды.

— Біздің жұмысымыздың нәтижесі тек статистикалық көрсеткіштермен немесе қағаз жүзіндегі есептермен емес, ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен, азаматтардың мәселелерін нақты шешумен және мемлекетке деген сенімді арттырумен бағалануы тиіс. Осы орайда «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» кітабы мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, зиялы қауым өкілдері, жастар, кәсіпкерлер және жалпы қоғам үшін маңызды ой-толғамдар жинағы деп айтуға тодық негіз бар, — деді Айгүл Маликова.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақ тұлпар» журналының редакторы Сайлау Байбосынның айтуынша, еңбек 21 тараудан тұрады және қоғам өмірінің негізгі бағыттарын қамтиды.

Фото: Айбек Жұматов

— Кітапта сыртқы және ішкі саясат, экономика, цифрландыру, тіл мәселесі, ұлттық қауіпсіздік секілді қоғам үшін маңызды бағыттардың барлығы қамтылған. Ерекшелігі — ұзақ мақалалар мен көлемді мәтіндерден гөрі, ой-тұжырымдардың афоризм түрінде берілуі. Сондықтан кітапты оқу жеңіл әрі қажетті бөлімді тез тауып, негізгі ойға назар аударуға мүмкіндік береді, — деді Сайлау Байбосын.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Ғалымбек Жұматов аға буынның жинақтаған өмірлік тәжірибесі мен білімін жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, көрегендік, парасат пен жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе — кейінгі буын үшін баға жетпес құндылық. Мемлекет басшысының еңбегінен де осындай өмірлік және кәсіби тәжірибенің сабақтастығын көруге болады.

Түйіндей айтқанда, «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» жинағы — Қазақстанның саяси және қоғамдық даму эволюциясын зерделеуге мүмкіндік беретін мазмұнды дереккөздердің бірі. Кітаптағы идеялық тұжырымдар мемлекетшілдік ұстанымдардың тарихи сабақтастығын, қоғамдық жаңғырудың негізгі қағидаттарын және Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды қалыптастыру бағытындағы стратегиялық бағдарларды жүйелі түрде пайымдауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, елімізде Ермек Серкебаевтың мұрасын түгендеген кітаптың жаңа басылымы жарық көрді