Павлодарда ақпан айында 16 азамат жекеменшік балабақша ашуға ұсыныс білдірген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында 16 азамат мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақша ашып, өз кәсіптерін жүргізуге ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Бұл туралы Павлодар қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі мекемелер секторының меңгерушісі Бақыт Қырықбесова мәлім етті. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашу жұмыстары қызу жүргізілуде. 16 кәсіпкердің бірі - Павлодар қаласының тұрғыны Айнаш Құдышева. Ол 75 орынға арналған балабақша ашып, үйде отырған жұмыссыз әйелдерді еңбекпен қамтымақ. Қазіргі таңда осы жобаға ыңғайлы ғимарат іздестірілуде. Ғимарат табылған соң бизнес жобасын әзірлеп, банктерден несие рәсімдеу жұмысына кіріседі», - дейді Бақыт Қырықбесова.

Сонымен қатар, балабақша ашу үшін арнайы ғимарат салуды жоспарлап жүргендер де бар. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Серік Исабеков есімді азамат өзінің жеке үйін бұзып, орнына 50 орынға арналған балабақша салу жоспары бар екенін айтқан. Егер, бизнесті дамыту мекемелері мен екінші деңгейлі банктер бұл жобаға қаржылай қолдау көрсететін болса, жұмысты көп кешіктірмей бастап кетпек.

«Жаңа ғимарат сатып аларда немесе салар кезде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылатын шарттар мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалар талап етіледі. Мәселен, ғимараттың кеңдігі бір балаға екі шаршы метрден кем болмауы керек. Осы секілді заңды нормаларды сақтауға шақырамыз», - дейді бөлім басшысы.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс орталығында осындай жолмен алты балабақша жұмыс істейді. Олардың төлемақысы мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда екі есеге қымбат. Десе де мектепке дейінгі сәбилерді балабақшамен қамтуға өз үлестерін қосып отыр. Соның арқасында Павлодар қаласында 3-6 жасқа дейінгі сәбилер 100 пайыз, ал 1-6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер 70 пайыз қамтылып отыр.