Павлодарда алаяқ елдің есепшотындағы ақша жайлы ақпарат жинап, 30-дан аса адамды алдаған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ол әлеуметтік желілерде жалған жарнама беріп, жеке тұлғалардың дербес шоттары туралы мәлімет жинаған. Еліміз бойынша 30-дан аса азамат алаяқтың құрбаны болған.

Фото: видеодан алынған кадр

Полицияның жедел уәкілдері алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы азаматты ұстады.

Ер адам әлеуметтік желі ресурстарында жиһаз сатамын деген жалған хабарлама таратып, облыс тұрғындарын алдап келген. 

«Тергеу барысында күдікті Telegram қосымшасында курьер жұмысын тапқаны анықталды. Ол жеке азаматтардың түрлі банктердегі шоты жайлы мәліметтерді өзгелерге беріп отыруға міндеттенген. Әлгі шоттарға ақшалай қаражат түсіп отыруы тиіс еді. Ал әр түскен ақшадан күдіктіге 30 пайыз үлес уәде етілген әрі қосымша шығындар үшін тағы 10 пайыз төленуі тиіс болған. Полицейлер оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде», - деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов. 

Күдікті қамауға алынып, алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аталған азаматтан алдану фактісі бойынша еліміздің әр түпкірінен 30-дан аса жеке шағым түскен.

Азаматтарға келген жалпы шығын көлемі есептеліп жатыр.