Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «INFACON XIII» Бүкіләлемдік ферроқорытушылар конгресінде айтылды.
«Қазір елімізде 1 млн. 600 мың тонна қорытпа өндіріледі. Темір қорытпаларын алу Қазақстанда жақсы дамыған. Оған жұма күні Павлодарда Үкімет басшысының қатысуымен ашылатын жаңа өндіріс орны айқын дәлел бола алады. Зауытта дүниежүзі бойынша тұңғыш рет өнеркәсіптік жолмен ферросиликоалюминия өндірілетін болады. Бұл - қазақстандық қорытпа ғылымының зор жетістіктерінің бірі», - дейді «ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдірәсіл Жәрменов. ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы Ә.Алдашұлының айтуынша, жаңа қорытпа жасау әлемде өте сирек кездесетін оқиға. Оған ең соңғы жаңа қорытпаның бұдан 60 жыл бұрын өндірілгені нақты дәлел. Ал «қазақстандық» деген атаумен шығарылатын бұл өнімге қазірдің өзінде әлемде сұраныс өте жоғары болып тұр. Қазақстандық ғалымдардың патенті бойынша инновациялық бұл жаңа қорытпа зауыттары алдағы уақытта дүниежүзінің түкпір-түкпірінде салынбақ. Оның алғашқысы 1 айдан кейін Бразилияда ашылса, жыл соңына қарай мұндай зауыт Қырғызстанда іске қосылады.