Павлодарда артемия шаянының 7 мың тонна жұмыртқасын заңсыз өндіргендер ұсталды

Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қалатұз көлінде артемия шаянының жұмыртқаларын заңсыз сүзіп жүрген үш азамат қолға түсті.

Браконьерлер табиғатқа 83 млн теңгеден астам залал келтірген. 

«Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің Павлодар облысы бойынша балық инспекция бөлімі мен облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері рейд барысында заң бұзған жергілікті үш тұрғынды анықтады. Олар Аққулы ауданындағы Қалатұз көлінде артемия салина шаянының жұмыртқаларын заңсыз өндірген.

- Тексеру нәтижесінде жалпы салмағы 7 065 кг болатын 157 қап мөлшерінде дайындалған артемия жұмыртқалары табылды. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал көлемі 83 338 740 теңге, - деп хабарлады «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан.

ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 4-тармағында көзделген заңсыздыққа сәйкес материалдар қылмыстық іс қозғау үшін полицияға берілген.

Бұған дейін бағалы шаян аулайтын павлодарлық кәсіпкерлер лимитсіз қалуы мүмкін екенін жазғанбыз.