Павлодарда әскерге шақырылушыларды шығарып салудың жаңа дәстүрі паш етілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Павлодарда әскерге шақырылушыларды Ұлттық ұлан мен Шекара қызметі қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Фото: Константин Шелков

Ертіс-Баян өңірі - ҚР Қорғаныс министрлігінің «Сарбаз жолы» дәстүрін қолдаған еліміздегі үшінші аймақ болып отыр. Жоба «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекеттік рәміздер алаңында ұйымдастырылған салтанатты рәсімге өңір басшысы Асайын Байханов, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ведомствоның ақпараттық-түсіндіру тобының офицерлері, Қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары, әскери-техникалық мектеп курсанттары, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Фото: Константин Шелков

Өңір басшысы жас сарбаздарға ақжолтай тілегін білдіріп, әскери қызметтің жастардың бойында жауапкершілік, тәртіп және азаматтық қасиеттерді қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Фото: Константин Шелков

- Әскери міндет – қасиетті борыш. Бүгін ата-ана үшін де, сарбаздар үшін де толғанысы мол ерекше күн. Балаларыңызды лайықты азамат етіп тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін ата-аналарға алғыс айтамын! – деді Асайын Байханов.

Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Ертіс-Баян өңірі «Сарбаз жолы» жобасын іске асыруға қолдау көрсеткенін атап өтті.

Фото: Константин Шелков

- Павлодар – еңбекқор әрі мақсатшыл адамдардың өлкесі. Сіздер де білімді, тәртіпті, мықты әрі еліне пайдалы азамат болуға ұмтылыңыздар. Осы тұрғыдан алғанда, әскер сіздер үшін өмірдің, тәртіп пен жауапкершіліктің мектебіне айналады, – деді Асқар Мұстабеков.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – әскери қызметін аяқтаған жастарға өңірдегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.

Жоба аясында әскер мен әскери қызметшілердің отбасылары арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың бойында тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға басымдық беріледі.

Әскерге аттанған павлодарлықтар Астана, Алматы, Қарағанды және Семей қалаларында орналасқан әскери бөлімдерде қызмет атқарады.

Еске сала кетейік, биыл күзде 1 200 ақтөбелік әскерге шақырылады.