Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан оқ атқан. Салдарынан өзі оқиға орнында қаза тапқан.
— Оқиға кезінде тағы бір келісімшарттағы әскери қызметші жарақат алды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Зардап шеккен азаматқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп келеді. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі Әскери тергеу департаментінің бақылауында, — деп хабарлады ҚР Ішкі істер миниистрлігінің баспасөз қызметінен.
Зардап шеккен әскери қызметшіге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
— 2001 жылы туған науқас Павлодар қалалық № 1 ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, тұрақты. Барлық қажетті емдік шаралар жүргізілуде, — деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде курсант өліміне байланысты екі әскери қызметкер сотталған еді.