Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңадан салынған модульдік ғимараттар әртүрлі мақсатта қолдануға арналған бөлмелерден тұрады. Атап айтқанда, модульдік казарма кезекші бөлмелерден, демалуға, оқ-дәрілерді, қаруды сақтауға, қаруды тазартуға, жеке броньды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдарын сақтауға арналған бөлмелерден құралған. Сондай-ақ мұнда кезекші бөлімшенің демалыс, жатын бөлмелері, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап, душ бөлмесі, спорт зал, жаттығу залы, жауынгерлік дайындық сыныбы, арнайы дайындық тактикасы сыныбы, ақпараттық-тәрбие сыныбы, киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлме, қойма, автотехниканы сақтауға арналған бокстар бар.
«Бүгін біз модульдік үлгідегі жаңа казармалардың ғимараттарын салтанатты жағдайда аштық. Бұл сарбаздарға деген ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ел басшылығының, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қамқорлығы деп білгейсіздер. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері әрқашан жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғайды. Осы бағытта абыройлы қызмет ете беріңіздер. 5512 әскери бөлімінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жедел мақсаттағы батальон ғана емес, сонымен қатар арнайы мақсаттағы бөлімшелер де бар. Мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта да жалғасын табады», деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.
Енді жедел полктің сарбаздары жиһаздары мен жабдықтары орнатылған жаңа модульдік ғимараттарда тұрады. Әр казарма 100 сарбазға арналған. Жаңа тұрғын үйлердің ерекшелігі көп: олар блокты-модульді, тікбұрышты типті және әрқайсысының ауданы 1200 шаршы метрді құрайды. Автотехникаларды сақтауға арналған бокстардағы еденнен төбеге дейінгі биіктік – кемінде төрт метр, қалған үй-жайлардың биіктігі – кемінде үш метр.
5512 әскери бөлімі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 23 қазандағы қаулысымен Павлодар қаласында жеке арнайы моторлы милиция батальоны ретінде жасақталған. 2021 жылдың 9 желтоқсанында батальон полк болып қайта құрылды. 5512 әскери бөлімінің 200-ден аса әскери қызметшісінен тұратын жеке құрамы Павлодар қаласында 80 жаяу патрульдеу маршруттарында және 6 автомобиль маршруттарында қызмет атқарады.