Павлодарда Астана күні қарсаңында 140 отбасы баспаналы болды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -Астана күні қарсаңында Павлодар қаласында 72, Ақсуда 70 пәтер иелеріне табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодарда Сарыарқа шағын ауданындағы тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» Мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көпқабатты тұрғын үйден пәтерлі болғандар арасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жетім балалар және көпбалалы аналар да бар. Пәтер иелері айтулы мереке қарсаңында қоныс тойын тойлау ерекше сыйлық екенін айтады.

Айта кетерлігі, жыл соңына шейін «Сарыарқа» шағын ауданындағы тағы сегіз тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарда бар. Соның екеуі «Алюминқұрылыс» шағын ауданының тұрғындары үшін салынып жатыр, ал алтауы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» бағдарламаларының қатысушыларына беріледі.

 Елорданың мерейтойы қарсаңында Ақсу қаласында да жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бес қабатты тұрғын үйді салуға ERG корпорациясының құрамына кіретін Еуразия энергетика корпорациясы тапсырыс берген. 70 жаңа пәтерге осы кәсіпорынның қызметкерлері орналасты. Компания өклдерінің айтуынша, пәтерлердің ауданын бөліп беруде өте тапшы мамандық иелеріне, жас және жоғары білікті мамандарға басымдық берілген.

Ақсуда жаңа үймен қатар күрделі жөндеуден шыққан стадион да пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, қалада балаларға арналған жаңа экотехника орталығы да ашылды. Қайта түлеген орталықта енді ІТ-кабинет, коворкинг-орталық, «Жібек жолы» эко- және этнотуризм кабинеті бар.

Сондай-ақ Астана күні қарсаңында елді дамытуға сүбелі үлес қосқан павлодарлықтарды марапаттау рәсімі болды. Президенттің Жарлығымен 30 адамға «Астана 20 жыл» мерейтой медальдары табыс етілді.