Павлодарда астық алқаптарының 10 пайызы орылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірдегі егін жинау жұмыстарын жаңбырлы күндер бөгеп тұр. Диқандар әр гектардан шамамен 11,7 центнер өнім алған. 

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Ертіс-Баян өңірінде астық ору науқаны қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта егіс алқаптарының 150 мың гектарында жиын-терім жұмыстары жүргізілді. Бұл — жалпы егістің 10 пайызы. Фермерлер науқанды қазан айының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.

— Астықты дәнді дақылдар 146 мың гектардан жиналды. Облыс бойынша гектарынан 11,7 центнер өнім жиналып жатыр. Бұл біздің өңір үшін жақсы көрсеткіш. Биыл көктемде ылғалдың мол болуы егілген егіннің жақсы жетілуіне мүмкіндік берді. Енді диқан қауымның алдында ала жаздай өсірген өнімін төкпей-шашпай жинап алу міндеті тұр, - дейді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.

Қазіргі уақытта өңірде жаңбыр жиі жауып, егіс жұмыстарына бөгеу болуда. Ауа райын болжаушылар келесі аптада күн ашылады деп отыр.

Биыл көктемді Павлодарда жаңбырға байланысты егіс жұмыстары кешігіп жатқаны туралы жазған едік. 

Мамандар жаздың ыстық болуы дәнді дақылдардың тез жетілуіне жағдай тудырғанын айтады.