Павлодарда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға мерекелік төлем беріледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Халықаралық әйелдер күніне орай Ертіс-Баян өңірінде көпбалалы аналарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем берілетін болды.
Халықаралық әйелдер күніне орай елімізде көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылып жатыр. Әр аймақ өз мүмкіндігіне қарай мәслихат шешімімен бекітеді.
- Мерекеге байланысты аймақтағы қалалар мен аудандардың өкілетті органдары көпбалалы аналарға (отбасыларға) 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем жасауды ұйғарды. Төлем атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасыларға беріледі. Ондай көпбалалы отбасылардың саны 750-ден асады, - деп хабарлады Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, Астанада 8 наурыз мерекесіне орай 36 мың әйел адамға біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.