Павлодарда ауыл тұрғындарының тісін заңсыз емдеп жүрген шетелдік анықталды

Фото: freepik

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жалған тіс дәрігерінің стоматологиялық қызмет көрсетуге қажетті құжаттары да болмаған. Полиция заңсыз медициналық қызмет көрсету дерегі бойынша әкімшілік іс қозғады.

Железин ауданының бір ауылында шетел азаматының халыққа заңсыз медициналық қызмет көрсеткен дерегі әшкереленді.

- Заңсыз қызметпен айналысқан тұлғаның стоматологиялық қызмет көрсетуге рұқсат беретін тиісті құжаттары болмай шықты. Полиция заңсыз медициналық қызмет көрсету фактісі бойынша әкімшілік іс қозғады. Материал Павлодар облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне қарауға жолданды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінен.

Тәртіп сақшылары аталған заңсыздық «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталғанын айтады. Оның аясында полицейлер 1 тоннадан астам дәрі мен ампула түріндегі есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын шектеген.

Еске сала кетейік, Павлодарда қалдықтарды заңсыз көміп келген кәсіпорынға 28 млрд айыппұл салынды.