«Павлодар-Водоканал» ЖШС алдағы ақпан айынан бастап Павлодар қаласы бойынша ауызсу мен техникалық судың бағасы өсетінін хабарлады.
«Кәсіпорындағы инвестициялық бағдарламаның бекітілуіне байланысты 2024 жылдың 1 ақпанынан 2024 жылғы желтоқсанға дейін және 2025 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін жаңа тарифтер белгіленді. Тарифтің өсуі қалаға су жеткізетін негізгі құбырды күрделі жөндеуден өткізуге байланысты болып отыр», - деп мәлімдеді компаниядан.
Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, «Павлодар-Водоканал» ЖШС ұсынған тариф жобасы қарастырыла келіп, 2024 жылға келесідей бағаларда бекіді:
«Орташа тарифтің бағасы 140,53 теңгеден 175,85 теңгеге дейін өсті. Яғни жалпы өсім 25 пайызды құрап отыр. Есептегіш құралдары қойылған жеке тұтынушылар бір текше метр ауызсу үшін енді 72,58 теңге төлейтін болады (бұған дейінгі тариф – 58 теңге). Су есептегіші жоқ жеке абоненттер бұрынғы 87,04 теңгенің орнына 108,8 теңге, бюджеттік мекемелер 624,54 теңге (бұрынғы тариф - 586,57 теңге) төлесе, ал өзге тұтынушылар үшін ол бірден 27,5 пайызға қымбаттады (236,56 теңгеден 307,24 теңгеге ұлғайды). Техникалық судың бағасы да өзгерді. Ол бірден 65 пайызға өсіп, орташа тариф 56,13 теңгеден 92,99 теңгеге жетті. Жеке тұрғындар бұрынғы 18,25 теңгенің орнына енді 30,23 теңге төлесе, өзге тұтынушылар үшін ол бірден 39 теңгеге өсіп, 98,59 теңге болды», - деп хабарлады Н.Нұрмұратов.
Бұған қоса кәріз жүйесі қызметін пайдаланудың да құны өскен. Ол шамамен 5 теңгеге көтерілді.