Павлодарда автовокзалда КВИ-ге қарсы вакцина егіле бастайды

ПАВЛОДАр. Қазақпарат - Павлодарда ертеңнен бастап автовокзалда КВИ-ге қарсы вакцина еге бастайды. Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов мәлім етті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

- Ертең 27 сәуірден бастап автовокзал мен темір жол вокзалының арасында жылжымалы медициналық кешен қойылады. Вакцина алғысы келетін адамдар сол жерге шақырылады. Кейбір егілетін адамдары көп ауруханалардағы пациенттер сол жерге жіберіледі. Егілу үшін азаматтардың жеке куәлігі болуы тиіс. Кешенде алдымен терапевт дәрігер тексеретін болады, содан кейін вакцина алуға жіберіледі, - деді Айдар Сейітқазинов.

Басқарма басшысы аталған орында ресейлік және қазақстандық вакцина болған жағдайда қайсысы егілетінін азаматтар өз еріктерімен таңдайтынын атап өтті.

- Әзірге ол жерге жылжымалы медициналық кешені бар Павлодар ауданының ауруханасы бекітілді. Солар екпе жасайтын болады. Оларға КВИ-ге қарсы қандай вакцина бөлінсе, сонымен егеді. Егер екі вакцина да болса, әрине, тұрғындарға таңдау жасауға мүмкіндік беріледі, - деді Айдар Сейітқазинов.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар облысы халқының 5,9 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алған. Облыста арнайы орындарға барып вакцина егетін 37 топ бар.