Павлодарда баланың кесірінен пәтерден өрт шықты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Пәтерден шыққан өрт салдарынан тұрғын үйдің 32 тұрғыны эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7 қараша сағат 17:44-те Ломов көшесі, 135-үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Үш бөлмелі үйдің жатын бөлмесінде 4 шаршы метр аумақты қамтыған жиһаз, үй заттары жанған», - деді журналистерге Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін 32 адам, соның ішінде 7 бала өздері эвакуацияланған. Құтқарушылар альпинистік құралдың көмегімен жетінші қабаттан төртінші қабатқа төмен түсіп, өртке оранған пәтерге кірді. Онда ешқандай адам болмаған.

«Өрт 18:41-де ауыздықталды. Өрт шығу себебі – баланың іс-әрекетімен байланысты. Келтірілген зақым анықталып жатыр», - деді ТЖД-дан.

Оқиға орнына 8 көлікпен 29 маман барды. Ешкім зардап шеккен жоқ.