Павлодарда картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат бағасы арзандады

АСТАНА. KAZINFORM — Алайда, жергілікті дүкендерде бананның килограмы 1600 теңгеден сатылып жатыр. Бұған қоса алма, қызанақ, қияр бағасы да қымбаттаған.

Фото: arasha.kz

Тұтынушылар экзотикалық жемістің тым қымбаттап кеткенін түсіне алмай отыр. Өткен аптада ғана килограмы 800 теңге тұратын банан қазір дүкендерде 1600 теңгеден саудаланнуда.

Статистика органдарының мәліметіне сүйенсек, өткен желтоқсан айында Павлодар облысында банан бағасы шамамен 4,8%, алма 5,8%, қияр 19,9%, қызанақ 17,4%-ға өскен.

Ал керісінше картоптың бағасы 5,1%, пияз 2,8%, қырыққабат 0,8%, сәбіз 0,3%-ға арзандапты.

«Біздің ведомство азаматтардың шағымы бойынша сауда нүктелеріне жоспардан тыс 63 тексеру жүргізді. 44 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбір кәсіпкерлерді мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырдық. Олар тауар бағасына қосылатын үстемеақыны 20-30 пайызға дейін арттырған», - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдышев.