Павлодарда білім саласында қандай мамандарға сұраныс бар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында математика пәні және бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс байқалады. Сондай-ақ қалалық жерлерде тәрбиешілер жетіспейді.

Фото: freepik.com

Өңірлік білім беру басқармасының дерегінше, аймақтағы мектептерге математика пәнінің бес және бастауыш сыныптың үш мұғалімі жетіспей жатыр.

— Аталған пәндер бойынша педагогтерге қажеттіліктің негізгі себептері — педагогтердің зейнетке шығуы, өзге жұмыс орындарына ауысуы, сондай-ақ еңбек және декреттік демалысқа шығуына байланысты уақытша бос орындардың пайда болуы. Жекелеген пәндер бойынша кадр тапшылығының болуына қарамастан, Павлодар облысының білім беру ұйымдарында оқу процесі толық көлемде жүзеге асырылады. Үлгілік оқу жоспарында көзделген барлық оқу пәні жүргізіліп, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты сақталады, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаева.

Бұған қоса, қазіргі уақытта қалалық жерлердегі балабақшаларда тәрбиешілер мен олардың көмекшілерінің жетіспеушілігі байқалады. Павлодар және Екібастұз қалалары бойынша жеті тәрбиешінің орны бос тұр. Ақсу қаласы бойынша екі тәрбиеші көмекшісіне, Екібастұз қаласы бойынша бес тәрбиеші көмекшісіне сұраныс бар. 

Биыл облыстың білім беру саласына 591 жас маман келген. Олардың 209-ы ауылдық жерлерді таңдады. Бұл педагог кадрларға деген қажеттілікті жабады деп үміт артылып отыр.

Бұған дейін ауыл мектебіне басшы табу неге қиын екенін сараптап көрген едік.