Мурал авторы сүйікті әншісіне деген құрметін шығармашылығы арқылы жеткізуді ұйғарған. Айтуынша, муралдың кейіпкерін таңдау қиын болмаған. Батырхан Шүкеновтің шығармашылығын ерекше жақсы көретін ол ұсыныс түскенде бірден жарқын таланттың бейнесін салып шығуға шешім қабылдапты.
— Бастапқыда қала орталығында бұдан да үлкен қабырғаға кескінін салғым келген. Алайда ғимарат иесімен келісімге келе алмадық. Содан кейін осы қабырғаны таңдадым. Бұл жер үйіме жақын, ашық кеңістікте орналасқан әрі аумақтан адамдар көп өтеді. Сондықтан еңбегім көпшіліктің назарынан тыс қалмайды деп ойладым, — дейді Наталья Королёва.
Муралды салуға бір апта уақытын жұмсаған суретшінің сөзінше, жұмыстың ең күрделі тұсы әншінің жанары мен күлкісін дәл бейнелеу болған. Суретшінің отбасы да бұл бастаманы қолдап, анасына көмектескендерін айтады. Осылайша әншінің шығармашылығымен жақынырақ танысқан.
Туынды бүгінде қала тұрғындарының сүйіспеншілігін тудырып отыр. Көпшілік муралдың жанында суретке түсіп, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр.
Суретші алдағы уақытта шаһардағы ғимараттардың қабырғаларына өзге де танымал тұлғалардың бейнесін салуды жоспарлап отыр. Алайда күннің суытуына байланысты бұл жұмыс келесі жылға қалмақшы.
Атап өтерлігі, «Өнерлі шаһар» жобасы аясында Павлодар қаласының көшелерінде 20 ауқымды мурал салу жоспарланған. Жоба тарихты, мәдениетті және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Қала әкімі Хасар Хабылбековтің мәліметінше, жобаға Қазақстанның әр өңірінен келген суретшілер қатысып жатыр. Олар шаһардың әр бөлігіндегі ғимараттардың қабырғаларына тарихи оқиғаларды, ұлттық мәдениетті және елге танымал тұлғаларды бейнелейтін туындылар салуда.
Жоба авторларының пайымынша, муралдар Павлодардың сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, ашық аспан астындағы көркем галереяға айналып, қала тұрғындары мен қонақтарына өңірдің тарихы мен мәдениетін танытуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астананың әкімдігі суретшілерді, граффити шеберлерін және шығармашылықпен айналысатын барша азаматты қала кеңістігін жаңартуға үлес қосып, жаңа муралдардың авторы атануға шақыратынын жазғанбыз.