Павлодарда бесінші қабаттан 2 жасар бала құлап кетті

Фото: Фото: pexels.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр, бірінші дәрежелі комаға түскен. 

Павлодарда 2 жасар ер бала бесінші қабаттағы терезеден құлап кетті. Жазатайым оқиға әжесінің үйінде болғаны анықталды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова хабарлады. 

— Бүгін 2 жасар бала әжесінің үйінде қонақта болған уақытында 5-қабаттан құлап кеткен. Зардап шеккен жеткіншек көптеген жарақатпен, ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл жыл басынан балалардың биіктен құлауы бойынша тіркелген облыстағы алғашқы оқиға, - деп хабарлады балалар омбудсмені.

Облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі қабылдау кезінде ер баланың жағдайы ауыр, бірінші дәрежелі комаға түскенін хабарлады.

— Балада түрлі жарақат бар: жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, ми жарақаты. Сондай-ақ өкпе контузиясы, іш құрылысының жарақаты тіркелді. Қазіргі уақытта ми, мойын, кеуде қуысы, іш қуысы жамбасын қамти отырып компьютерлік томография жасалды. Баланы тексеру әлі де жалғасып жатыр, - деп мәлімдеді балалар ауруханасынан.

Еске сала кетейік, Қосшыда балалар мінген шағын автобус апатқа ұшырады.