Павлодарда биыл ешқашан асфальт жабыны болмаған 60 жол жөнделеді
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жазда Павлодарда барлығы 82 көше жөнделеді деп жоспарланды, оның 60 жолында ешқашан асфальт жабыны болмаған. Өткен жылы 17 көшенің жолы жөнделген, оның жетеуі қара жол болған. Биылғы қара жолды жөндеуге 1,2 миллиард теңге бөлінді, ол былтырғыдан 11 есе артық (106 миллион теңге). Биылғы жазда Лесозаводтың жолдарына түгел асфальт төселеді деп күтілуде. Ал Радиозавод, Хромзавод, МДС және Екінші Павлодар шағын аудандарының көшелері ішінара жөнделеді. Тізімде орталық көшелер де бар, бірақ облыс әкімі олардың орнына шағын аудандарға көңіл бөлу керек деп шешті. - Сәтбаев пен Қамзин көшелерінің жалпы ұзындығы бойынша жөндеу жүргізу орынсыз. Тек жабыны нашар жерлерін ғана жөндеу керек, - деп атап өткен аймақ басшысы қала әкімі Қайрат Нүкеновке ұсыныс тастады. – Босатылған қаржыны шағын аудандарға жіберіңіздер. Қазір желі төсемі жүргізіліп жатқан көшелер бар. Бұл орайда тұрғындарға барлық байланыс желілері салынып біткеннен кейін жөндеу жұмыстары басталатынын түсіндіру керек. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын жол зерханасы бақылайды.
Аймақ басшысы мамандарға қысқы қолданыстан кейінгі жолдың беріктігін тексеруді тапсырды. Себебі жаз бен күзде білінбеген барлық ақаулар көктем келісімен анықталады. Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов бұрынғы құрылыс колледжінің ғимаратын аралады. Оның негізінде олимпиада резервінің мамандандырылған колледж-интернатын ашу жоспарлануда. Үш корпустың ортақ ауданы 10 мың шаршы метрді құрайды. Облыс әкімі қолда бар инфрақұрылымдық қорды қолданудың басқа, тиімді жолын қарастыруды тапсырды. - Мұндай жерде 500-600 орынға арналған мекеме ашуға болатын еді. Мысалы, жұмыс нарқында сұранысы жоғары мамандарды дайындайтын көпсалалы колледж. Бапкерлерге және спортшыларды дайындауға мемлекеттік тапсырысты біздің басқа оқу орындары арасында бөлу керек. Бірнеше нұсқа қарастырып, ұсыныс жасаңыздар, - деп тапсырды облыс әкімі. Ал басқа әлеуметтік жоба Әбілқайыр Сқақовтың көңілінен шықты. Екінші Павлодарда бұрынғы темір жол колледжі негізінде Балалар шығармашылық үйі ашылады. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам бала мен жасөспірім тұратын шағынауданда бірде-бір қосымша білім беру ұйымы мен спорттық мекеме жоқ. Шығармашылық үйінде білім беру мен ойын-сауық, ғылыми- техникалық, туристік-өлкетану үйірмелері және спорт секциялары жұмыс істейді. Аталмыш жоба аясында 2 мыңдай бала қосымша білім берумен қамтылады.