Павлодарда браконьерлер 12 елікті заңсыз атқан

Фото: Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс өзені жайылмасында екі азамат жануарларды атып, етін бөлшектеп алып кеткелі тұрғанда қолға түсті. Оқиға орнынан қарда жүретін көлік, 5 дана тегіс ұңғылы мылтық табылды.

Мичурин ауылының тұрғындары өзен маңайында әлдебіреулердің еліктерді атып жатқаны туралы полицияға хабарлаған.

Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшысы мен жергілікті орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің маманы заңсыз аң аулау фактісінің жолын кесті.

- Полиция мен орман мекемесінің маманы аталған аумаққа барғанда браконьерлер 12 елікті сұлатып үлгерген. Оқиға орнынан жануарлардың ұшасы, қарда жүретін көлік, 5 дана тегіс ұңғылы мылтық табылды. Ұсталған күдіктілерге қатысты заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды,-деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.