Павлодарда бүгіннен бастап жол жөндеу жұмыстары қолға алынады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодарда ағымдағы жол жөндеу жұмысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар әкімдігі таратқан мәліметке сенсек, өткен жылдары күн жылынғанға дейін шұңқырларды жөндеу екі кезеңде жүргізіліп келген.

Қыстың соңында шұңқырларға қиыршық тас төселді, ал ауа температурасы жылынып, асфальт-бетон зауыттары іске қосылғаннан кейін шұңқырларға қарапайым асфальт төселетін.

Биыл қала көшелерінде алғаш рет полимерлік суық асфальт төсеудің жаңа технологиясы – MAC асфальт (Multigrade asphalt cement) қолданылады.

Оны ауа температурасы салқын уақытта қолдануға болады.

«Суық полимерлі асфальт» төселгеннен кейін бірден автокөлік құралдары жүре алады, технология қоспаның кебуі үшін қосымша уақытты қажет етпейді.

Мамандар жөндеуді қажет ететін учаскелерді тексерді.

Қазіргі уақытта 39 көше іріктеп алынды.

Онда 3.200 шаршы метрден астам аумақта асфальт төсемінің бүлінген жерлері қалпына келтіріледі.