Павлодар ІІД-нің ВКонтакте желісіндегі парақшасында хабарланғандай, бөлімшеге букмекерлік мекемеге шабуыл жасалғаны туралы дабыл келіп түскен. Күзетші Қапан Әбдіқалықовтың дабыл түймешесін басуының себебі - ғимарат ішіне бетперде киген, қолына қаруға ұқсас зат ұстаған ер адам басып кірген еді. Қаскүнем күзетшіге, әкімшілік қызметшіге, касса қызметшісіне қолындағы қаруға ұқсас нәрсені бағыттап, қорқытып, бар ақшаны алып кеткен.
«Күзетте тұрған Қапан Әбдіқалықов қарақшыны тоқтату мақсатында оның соңынан жүгіріп шыққан. Жете алмағанына қарамастан, күдіктінің отырған көлігінің маркасын және автонөмірін есінде сақтап, кейін «102» нөміріне хабарласып, ақпаратты жеткізген» делінген хабарламада.
Жедел басқару орталығының инспекторлары патруль экипаждарына шұғыл хабар беріп, көп ұзамай қарақшы ұсталған.
Павлодар облысы ІІД бастығы, полиция-генерал-майоры Амантай Әубәкіров салтанатты түрде ІІД кеңес залында Қапан Әбдіқалықовқа алғысын білдіріп, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.