Павлодарда бұрын сотты болған азамат зират қоршауларын ұрлап жүріп қолға түсті
09:58, 16 Ақпан 2024
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полиция ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгені құрап отыр.
Облыс орталығының тұрғыны Суворов зиратындағы металл қоршауларды бұзып, жеке көлігіне тиеп алып кеткен.
«Арнайы іс-шараларды жүргізу кезінде Павлодар қаласындағы Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасаған, бұрын сотталған павлодарлықты анықтады. Ол зират қоршауларын Шевроле нексия маркалы автокөлігімен алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі - 400 мың теңге», - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Құқық қорғау органдары күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.