Павлодарда бұрынғы мектептің ғимараты бір бөлке нанның құнына сатылып кетті

Фото: Электрондық сауда алаңы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ақсу қаласына қарасты Достық ауылдық округінің әкімдігі бос тұрған мектеп ғимаратын аукционға шығарып, 213 теңгеге сатып жіберген. Мәселенің мән-жайын Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Бұрын бастауыш мектеп болған ғимарат Ақсу қаласына қарасты Достық ауылдық округі, Береке ауылының бөлімшесінде орналасқан. Нысан 1993 жылы салынған. Электрондық сауда алаңында ғимараттың аумағы 92 шаршы метр деп көрсетілсе, тиесілі жердің көлемі 1 гектарға жуық. 2023 жылы нысанның құны 561 мың теңгеге бағаланған.

Фото: Электрондық сауда алаңы

Электрондық сауда алаңында сату туралы хабарлама биылғы 8 ақпанда жарияланғанын көруге болады. Іргетасы бетоннан, сыртқы қабырғалары пеноблоктан жасалып, төбесі шифрланған, еденіне тақтай төселгені жазылған. Нысан осы уақытқа дейін Достық ауылдық округі әкімінің балансында ұсталып келген.

Анықтағанымыздай бұл бастауыш мектеп 20 жылға жуық уақыт жұмыс істеп тұрған. Павлодар облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті 2013 жылы нысанның талапқа сай емес екенін алға тартып, жапқызып тастаған.

Фото: Электрондық сауда алаңы

— Береке ауылына қарайтын, шартты атауы «Малая Парамоновка» деп аталатын бөлімшедегі бастауыш мектеп 2013-2014 жылғы оқу жылында жабылды. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті сол жылы Ақсу қаласына қарайтын ауылдық аймақтар бойынша әлгіндей 8 бастауыш мектептің жұмысын тоқтатты. Негізгі себеп — бұл оқу ғимараттарында спорт залы, асхана, мәжіліс залдары болмады. Яғни балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасалмаған. Сол жылдан бастап «Малая Парамоновкадағы» балаларды Берекедегі орта мектепте тасып оқыта бастадық, бұл үрдіс әлі күнге жалғасуда. Ал ғимараттың өзі сол уақыттан ауыл әкімдігінің балансына берілген. Екінші тұрғыдан, аталған бастауыш мектепте оқитын балалардың саны тұрақсыз еді. Қыстың күні алыс фермаларда мал ұстайтын отбасылардың балалары келмейді, ал күз бен жазғытұрым олардың саны көбейетін. Қазіргі күннің өзінде шамамен 4-5 оқушы ғана Береке ауылындағы орта мектепке автобуспен қатынап оқиды, - деп түсіндірді Ақсу қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов.

Осылайша салынғанына 30 жылдан аса уақыт өткен бұрынғы ескі бастауыш мектеп ғимаратын Береке ауылының әкімдігі биыл аукционға шығарған. Бастапқы баға 1 млн 683 мың теңге болғанымен, бәсекелестік болмағандықтан нысан небәрі 213 теңгеге өтіп кеткен. Жаңа иесі оны қазірдің өзінде сатуға ниет етіп отырған көрінеді. Нысанды сату туралы жарнама хабарландыру сайттарында жарияланып, кейін алынып тасталған.

Фото: Krisha.kz

Өкінішке қарай, аталған аукционға қатысты Ақу қалалық әкімдігінен ақпарат ала алмадық.

Бұған дейін прокуратура тексерісінен кейін Ақсуда пәтер жалдау ақысы арзандағаны туралы жазғанбыз.