Биыл елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы Заң күшіне енді. Құжаттың мақсаты – әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру.
Заң қатаңдатылған сәттен бастап Павлодар облысының аумағында 3 047 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылған. Оларды бұзғаны үшін 195 адам жауапқа тартылған және құқық бұзушылардың тәртібіне 762 ерекше талаптар белгіленген.
– Мысалы, жергілікті полицияға бір әйел жүгініп, оған дене жарақатын салған бұрынғы жұбайына қатысты шара қолдануды сұрады. Дереу сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілгенін растады. Ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот қаулысымен ер адам Павлодар қаласының пробация қызметіне профилактикалық есепке қойылып, 40 сағаттан тұратын қоғамдық жұмыстарға тартылды, - дейді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Полицейлер қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі болған жағдайда жәбірленушілердің мәлімдемесі міндетті емес екенін айтады. Материалды толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бақылау камераларының жазбалары жеткілікті. Ал, соңғы шешімді сот қабылдайды. Сонымен қатар кінәлі адам сотта қайта татуласу құқығынан айырылады.
Еске сала кетейік, полиция павлодарлық әйелдің қымбат көлігін өртегендерді қолға түсірді.