Аймақ басшысы Асайын Байханов дарынды балалармен, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесіп, оларды жетістіктерімен құттықтады.
— Сіздердің халықаралық және республикалық деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларда жеткен жетістіктеріңіздің нәтижесінде облысымыздың білім беру жүйесі жоғары бағаланады. Керемет дайындық деңгейін көрсеттіңіздер. Біз сіздерді Ертістің Павлодар өңірінің патриоттары ретінде көргіміз келеді, — деді өңір басшысы.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғыс хаттар мен 100 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ, мектеп ұстаздарына оқушыларды дайындағандары, ата-аналарға қолдау мен тәрбие бергендері үшін алғыс айтылды.
Бұдан бөлек, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға ақшалай сыйлықтар тағайындалды. Биыл 45 ұстаз аталған сыйлықтың иегері атанды. Олардың ішінде дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейінің физика мұғалімі Анатолий Билида мен математика мұғалімі Лилия Стадникова, дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның француз тілі мұғалімі Қымбат Батаева бар.